ЛАТЫН ГРАФИКАЛЫ ЖАҢА ҚАЗАҚ ӘЛІПБИІН ОҚЫТУ ТӘСІЛДЕРІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ АЛҒАШҚЫ ӘДІСТЕМЕЛІК СЕМИНАР ӨТТІ

 

Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстары республика көлемінде кезең-кезеңімен біртіндеп жалғасуда. Бұл іске ұлттық ғылыми-практикалық орталықтар мен білім беру мекемелері жұмылдырылып, белсенді жұмыстар атқарылуда. Еліміздің ақпараттық болашағына ықпал ететін маңызды қадамға өз үлесін қосу мақсатында, А.Байтұрсынұлы Білім Академиясы педагог қызметкерлерге арналған «ЛАТЫН ГРАФИКАСЫ: ОҚЫТУ ТЕОРИЯСЫ МЕН ӘДІСТЕМЕСІ» авторлық бағдарламасына (Авторлық құқық туралы Куәлік №689, 26 қараша 2018 ж.) негізделген әдістемелік семинар өткізді.

Семинардың мақсаты – оқыту процесінде латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиін теориялық және тәжірибелік тұрғыдан меңгерту жолдарын қарастыру, педагог қызметкерлерге әдістемелік қолдау көрсету және латын графикасына өтуді қоғамда кең көлемде насихаттау болатын.

Семинар барысында қатысушыларға жаңа әліпбиді және оның орфографиясын үйрету әдістемесі бойынша кеңестер берілді. Сөйлеу және тілдік материалдарды есте сақтау үшін графикалық және орфографиялық жүйелерді қолдану маңыздылығы туралы жан-жақты айтылды. Сондай-ақ жаңа әліпбиді үйретуде әлеуметтік лингвистика, когнитивті лингвистика, нейролингвистика салаларының ғылыми-практикалық тұжырымдамаларына сүйенудің, тіл мен ойлау, тіл мен таным арақатынасын ескерудің маңыздылығы түсіндірілді. Практикалық жұмыстар оқылым және жазылым дағдыларына негізделді. Қатысушыларға көздағды және қолдағды машықтарын қалыптастыруға арналған жаттығулар кешені ұсынылды.

Әдістемелік семинарға еліміздің түрлі өңірлерінен: Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Көкшетау, Түркістан, Семей қалаларынан және т.б. аймақтарының ЖОО оқытушылары мен мектеп мұғалімдері, тіл орталықтарының мамандары қатысты. Шараға А.Байтұрсынұлы Білім Академиясының ғылыми кеңесшілері, педагогика және филология ғылымдарының докторлары белсене атсалысты.

20.04.2019 ж., Нұр-Сұлтан қ.

        

Байланыс

Қазақстан, Нұр-Сұлтан қ., Тәуелсіздік даңғылы, 41
«Silk Way Center» Іскерлік Орталығы

Телефон: +7 705 596 69 80; +7 7172 26 61 34

Эл. пошта: info@bba.kz